Қазақстанда айырбастау пункттерін екінші деңгейдегі банктер, Қазпошта, сондай-ақ банктер болып табылмайтын және Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің қолма-қол шетел валютасымен айырбастау операцияларына арналған лицензиясы бар Қазақстан Республикасының қаржы ұйымдар ашуға құқылы. Бұл ретте банктік емес айырбастау пунктін ашу рәсімі оңай және Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2019 жылғы 4 сәуірдегі №49 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасында қолма-қол шетел валютасымен айырбастау операцияларын жүзеге асыру Қағидаларымен реттеледі.
Бірінші қадам «Заңды тұлғаны құру»
Алдымен ұйымдық-құқықтық нысаны жауапкершілігі шектеулі серіктестік түрінде заңды тұлғаны құру қажет. Сонымен қатар, қызметтің түрі тек қана қолма-қол шетел валютасымен айырбастау операцияларын жүзеге асыру болғандықтан заңды тұлғаға оған кіші сынып - валюта айырбастау пункттерінің қызметі кіретін экономикалық қызмет түрінің коды 66.12.2 «Ұлттық қордың активтерін, Ұлттық Банктің алтынвалюта активтерін, зейнетақы активтерін басқарумен байланысты қызметті қоспағанда, бағалы қағаздармен және тауарлармен операциялар бойынша брокерлік қызмет» еңгізіледі.
Уәкілетті ұйымның жарғылық капиталы қолма-қол шетел валютасымен айырбастау операцияларына арналған лицензияны және лицензияға қосымшаны алу үшін заңды тұлғаның өтініш жасауына дейін толық көлемде ақшалай нысанда қалыптастырылады.
Уәкілетті ұйымның жарғылық капиталының ең төменгі мөлшері:
- Астана, республикалық маңызы бар қалаларда, облыстардың әкімшілік орталықтарында, облыстық маңызы бар қалаларда орналасқан әрбір айырбастау пункті үшін 100 000 000 (бір жүз миллион) Қазақстан теңгесін;
- өзге жерде орналасқан әрбір айырбастау пункті (автоматтандырылған айырбастау пункті) үшін 50 000 000 (елу миллион) теңгені құрайды.
Уәкілетті ұйым қосымша айырбастау пунктін ашқан кезде оның ақшалай нысанда қалыптастырылатын жарғылық капиталы белгіленген талаптарға сәйкес ұлғайтылуы тиіс.
Егер сізде қалада айырбастау пункті бар болса және қала республикалық, облыстық маңызы бар қалаға ауыстырылса, немесе қаланы облыстың әкімшілік орталығы деп таныған жағдайда алты ай ішінде осы елді мекенге қойылатын талаптарына жарғылық капиталдың мөлшерін сәйкес келтіру қажет.
екінші қадам "Айырбастау пунктін жайластыру"
Айырбастау пункттері қолма-қол валютаны сатып немесе сатып алып халыққа қызмет көрсетеді, сондықтан қаржылық қызмет тұтынушыларының құқықтарын қорғау мақсатында олар белгілі бір талаптарға сәйкес келуі тиіс.
Айырбастау пунктінің үй-жайларын күзетуді және жайластыруды ұйымдастыру Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Басқармасының 2020 жылғы 24 ақпандағы № 14 қаулысымен бекітілген екінші деңгейдегі банктердің, Қазақстан Республикасының бейрезидент банктері филиалдарының, Ұлттық пошта операторының, банкноттарды, монеталарды және құндылықтарды инкассациялау айрықша қызметі болып табылатын заңды тұлғалардың және қызметін Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің қолма-қол шетел валютасымен айырбастау операцияларына арналған лицензиясы негізінде тек қана айырбастау пункттері арқылы жүзеге асыратын заңды тұлғалардың үй-жайларын күзетуді және жайластыруды ұйымдастыру қағидаларында белгіленген талаптарына сәйкес жүзеге асырылады.
Сондай-ақ, Қағидаларына сәйкес айырбастау пунктінің операциялық кассасы бейне деректер архивінің резервтік көшірмесін жасауды және архивті жою мен редакциялаудан қорғауды қамтамасыз ететін техникалық құрылғыларда күнтізбелік 90 (тоқсан) күн ішінде ақпаратты жазу мен сақтауды қамтамасыз ететін бейнебақылау жүйесімен жабдықталады, бұл ретте бейнебақылаудың көріну аймағында кассирдің жұмыс аймағы мен клиент болады, ал тиісті құрылғылар бейнебақылау үшін кедергілердің болмауын қамтамасыз ететін орындарда орнатылады.
Қолма-қол шетел валютасымен айырбастау операцияларын жүзеге асыруға құқығы бар заңды тұлға айырбастау пунктінің қызметін жүзеге асыру процесінде айырбастау пунктінің (автоматтандырылған айырбастау пунктін қоспағанда) үй-жайына, жабдығына, қызметкерлеріне қойылған, Қағидаларда белгіленген талаптардың орындалуын қамтамасыз етеді
Автоматтандырылған айырбастау пункті айырбастау операциясын жасау кезінде төмендегі тәсілдермен банкноттардың түпнұсқалығын анықтау функцияларын іске асыруды қамтамасыз етеді:
Қазақстан Республикасы ұлттық валютасы банкнотының екі жағынан көрінетін бейнесінің Ұлттық Банктің ресми интернет-ресурсында орналастырылған ресми сипаттамасына сәйкес келуін тексеру;
арнайы бояумен басылған сериясы мен нөмірінде ферромагниттік құрауыштардың болуын тексеру;
банкнотты ультракүлгін сәулемен тексеру (қағаздың люминесценциясын тексеру және өзгесі).
Үшінші қадам «Лицензияны және оған қосымшаны алу»
Лицензияны және оған қосымшаны алу үшін уәкілетті ұйым «электрондық үкімет» веб-порталы арқылы мынадай құжаттарды жібереді:
1) Қағидаларға 1-қосымшаға сәйкес нысан бойынша қолма-қол шетел валютасымен айырбастау операцияларына арналған лицензияны және лицензияға қосымшаны алуға арналған электрондық өтінішті;
2) жарғының электрондық көшірмесін;
3) «электрондық үкіметтің» төлемдік шлюзі арқылы төленген жағдайларды қоспағанда, жекелеген қызмет түрлерімен айналысу құқығы үшін лицензиялық алымның төленгенін растайтын құжаттың электрондық көшірмесін;
4) екінші деңгейдегі банктің не Қазақстан Республикасының бейрезидент банкі филиалының шетел валютасындағы банк шоты болуы туралы анықтамасының электрондық көшірмесін;
5) екінші деңгейдегі банктің не Қазақстан Республикасының бейрезидент банкі филиалының Қағидалардың 8-тармағының талаптарына сәйкес уәкілетті ұйымның банк шотына жарғылық капиталына жарна ретіндегі ақшаның есепке жазылуын растайтын, лицензияны және (немесе) лицензияға қосымшаны алуға өтініш берген күнге дейін күнтізбелік 30 (отыз) күннен ерте емес берілген құжатының электрондық көшірмесін (оның ішінде клиенттің банк шоттары бойынша ақша қозғалысы туралы үзінді-көшірме);
6) кассирдің қолма-қол шетел валютасымен жұмыс бойынша дайындықтан өткенін растайтын екінші деңгейдегі банк не Қазақстан Республикасының бейрезидент банкінің филиалы анықтамасының электрондық көшірмесін не 2015 жылғы 23 қарашадағы Қазақстан Республикасының Еңбек кодексінде көзделген және қызметкердің қолма-қол шетел валютасымен жұмыс бойынша кассир ретінде кемінде 6 (алты) ай еңбек қызметін растайтын құжаттың электрондық көшірмесін (автоматтандырылған айырбастау пунктін қоспағанда);
7) уәкілетті ұйымның жарғылық капиталына салымның шығу көзін ашатын құжаттың (қарыз шартының, мүлікті сатып алу-сату шартының, кірістер туралы анықтаманың, уәкілетті ұйымның жарғылық капиталына салымның шығу көзін ашатын басқа құжаттардың) электрондық көшірмесін жібереді.
Құжаттардың толық пакеті ұсынылған күннен бастап лицензия және оған қосымша «электрондық үкімет» веб-порталы арқылы жиырма жұмыс күні ішінде беріледі.
Қосымша айырбастау пунктін ашу
Қосымша ашылатын айырбастау үшін қолданыстағы лицензияға қосымшаны алу үшін уәкілетті ұйым «электрондық үкіметтің» веб-порталы арқылы мынадай құжаттарды ұсынады:
1) қосымша ашылатын айырбастау пункті үшін Қағидаларға 2-қосымшаға сәйкес нысан бойынша қолма-қол шетел валютасымен айырбастау операцияларына арналған қолданыстағы лицензияға қосымшаны алуға арналған электрондық өтінішті;
2) қосымша ашылатын айырбастау пункті үшін екінші деңгейдегі банктің не Қазақстан Республикасының бейрезидент банкі филиалының Қағидалардың 8-тармағының талаптарына сәйкес уәкілетті ұйымның банк шотына жарғылық капиталына жарна ретіндегі ақшаның есепке жазылуын растайтын, лицензияны және (немесе) лицензияға қосымшаны алуға өтініш берген күнге дейін күнтізбелік 30 (отыз) күннен ерте емес берілген құжатының электрондық көшірмесін (оның ішінде клиенттің банк шоттары бойынша ақша қозғалысы туралы үзінді-көшірме) не уәкілетті ұйымның жарғылық капиталы мөлшерінің қосымша айырбастау пунктін ескере отырып белгіленген талаптарға сәйкес келуін растайтын, Қағидаларға 2-қосымшаға сәйкес нысан бойынша қосымша ашылатын айырбастау пункті үшін қолма-қол шетел валютасымен айырбастау операцияларына арналған қолданыстағы лицензияға қосымша алуға өтініш берген айдың біріндегі жағдай бойынша қаржылық есептіліктің электрондық көшірмесін;
3) кассирдің қолма-қол шетел валютасымен жұмыс бойынша дайындықтан өткенін растайтын екінші деңгейдегі банк не Қазақстан Республикасының бейрезидент банкінің филиалы анықтамасының электрондық көшірмесін не Қазақстан Республикасының 2015 жылғы 23 қарашадағы Еңбек кодексінде көзделген және қызметкердің қолма-қол шетел валютасымен жұмыс бойынша кассир ретінде кемінде 6 (алты) ай еңбек қызметін растайтын құжаттың электрондық көшірмесін (автоматтандырылған айырбастау пунктін қоспағанда);
4) уәкілетті ұйымның жарғылық капиталына салымның шығу көзін ашатын құжаттың (қарыз шартының, мүлікті сатып алу-сату шартының, кірістер туралы анықтаманың, уәкілетті ұйымның жарғылық капиталына салымның шығу көзін ашатын басқа құжаттардың) электрондық көшірмесін жібереді;
5) автоматтандырылған айырбастау пунктінің техникалық сипаттамаларын және оның Қағидаларда белгіленген талаптарға сәйкес келуін растайтын құжаттың электрондық көшірмесін жібереді (айырбастау пунктін қоспағанда).
Құжаттардың толық пакеті ұсынылған күннен бастап лицензияға қосымша «электрондық үкімет» веб-порталы арқылы он жұмыс күні ішінде беріледі.
Тазартылған құйма алтынмен операциялар жүргізу
Уәкілетті ұйымдар өз айырбастау пункттері арқылы тазартылған құйма алтынды сатып алу және сату жөніндегі операцияларды жүзеге асыра алады. Айырбастау пунктінің кассаларын жеке тұлғалардан тазартылған құйма алтынмен сатып алу есебінен және сондай-ақ Ұлттық Банктен сатып алу-сату арқылы толықтыруға болады.
Тазартылған құйма алтынды сатып алу немесе сату кезінде уәкілетті ұйым ультракүлгін жарықта люминесценцияны бақылауды қамтамасыз ететін техникалық құралды қолдана отырып, сондай-ақ оптикалық аспапты қолдана отырып, тазартылған құйма алтынды арнайы ораудың бүтіндігін және құйма алтынның қорғаныш элементтерін тексереді. Аспап кемінде 10 (он) рет ұлғайтуды қамтамасыз етуі тиіс.
Айырбастау пунктінің кассасында тазартылған құйма алтын болмаған жағдайда, оларды сату құны туралы ақпарат уәкілетті ұйымның ақпараттық стендінде орналастырылмайды. Айырбастау пунктінің кассасында қолма-қол ұлттық валюта болмаған жағдайда тазартылған құйма алтынды сатып алу құны туралы ақпарат уәкілетті ұйымның ақпараттық стендінде орналастырылмайды.
Уәкілетті ұйым тұтас арнайы қаптамада тазартылған құйма алтынды сатып алуды және сатуды жүзеге асыратынын білу керек. Тазартылған алтынды арнайы орамасы ашылған, сондай-ақ арнайы орамасы жоқ құймаларда сатуға жол берілмейді.
Сонымен бірге азаматтар Ұлттық Банк 2017 жылдан ерте емес шығарған арнайы орауы ашылған және (немесе) арнайы ораусыз аффинирленген құйма алтынды, сондай-ақ Ұлттық Банк 2017 жылға дейін аффинирленген құйма алтынды Ұлттық Банкпен оларды қайта сатып алуға шарттық қатынастары бар уәкілетті ұйымдардың айырбастау пункттеріне қайтадан сатып алу үшін тапсыруға болады.
Банктік емес айырбастау пункттерді ашу мәселелерін реттейтін Қағидалар Ұлттық Банкінің ресми сайтында мына мекенжай бойынша қолжетімді: www.nationalbank.kz => «Нормативтік құқықтық база» => «ҚҰБ-ның нормативтиі құқықтық актілері => «Қолма-қол ақшамен жұмцс істеу».
Аумақтық филиалдардың орналасқан жері және байланыс деректері туралы ақпарат Ұлттық Банкінің ресми сайтында мына мекенжай бойынша қолжетімді: www.nationalbank.kz => «Қызметтерді тұтынушыларға»=> «Мемлекеттік қызметтер» => «Қызметті берушілердің байланыс деректері».