Сіз ауырып қалып, еңбекке жарамсыздық парағын аштыңыз делік. Сізге уақытша еңбекке жарамсыздығыңыз бойынша жәрдемақыны есептеу туралы ақпарат керек пе? Осы мақалада сіз қандай жағдайларда және қандай мөлшерде жұмыс беруші еңбекке жарамсыздық парағы бойынша жәрдемақы төлеуге міндетті екені туралы біле аласыз.
Еңбек кодексінің 133-бабына сәйкес жұмыс берушіні өз қаржысы есебінен уақытша еңбекке жарамсыздығы бойынша әлеуметтік жәрдемақыны төлеуге міндеттейді.
Ол үшін жұмыскер есептеу бөліміне еңбекке жарамсыздық парағын, оны жоғалтып алған жағдайда - көшірмесін ұсынуы қажет.
Уақытша еңбекке жарамсыздығы бойынша жәрдемақы қандай жағдайларда төленеді?
Жұмыс беруші өз қаржысы есебінен жұмыскерлерге еңбекке жарамсыздығы бойынша әлеуметтік жәрдемақыны төлеуге міндетті.
Еңбекке жарамсыздық бойынша әлеуметтік жәрдемақыларды төлеуге арналған негіз денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган бекіткен тәртіпте берілген еңбекке жарамсыздық парақтары болып табылады.
Еңбекке жарамсыздық бойынша әлеуметтік жәрдемақылар жұмыскерлерге еңбекке жарамсыздықтың бірінші күнінен еңбек қабілеттілігін қалпына келтіру күніне дейін немесе Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мүгедектікті анықтағанға дейін төленеді.
Қандай жағдайларда жәрдемақы төленбейді?
- заңды күшіне енген сот үкімімен айыптылығы анықталған жағдайда, олардың қылмыстық құқық бұзушылығын жасауда алынған жарақаттары салдарынан еңбекке жарамсыздық орын алған қызметкерге;
- соттың анықтауы бойынша мәжбүрлі емдеу кезінде (психикалық науқастардан басқа);
- жұмыскер заңды күшіне енген сот үкімімен немесе қаулысымен оның айыптылығы анықталған жағдайда сот-медициналық сараптамасы кезінде және қамауда болған кезде;
- алкоголь, есірткі немесе уытты заттарды пайдалану салдарынан орын алған жарақаттар немесе аурулардан жұмыскердің уақытша еңбекке жарамсыздығында;
- жыл сайын төленетін еңбек демалысына келген уақытша еңбекке жарамсыздық күндері үшін.
Әлеуметтік жәрдемақы мөлшерлері қалай анықталады?
Еңбекақы мөлшері айлық есептік көрсеткіштің жиырма бес еселенген мөлшерінен аспауға тиіс
Ұлы Отан соғысының жұмыс істейтін ардагерлерін, жеңілдіктер бойынша Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне теңестірілген ардагерлерді және басқа мемлекеттер аумағындағы ұрыс қимылдарының ардагерлерін қоспағанда, жұмыскерлердің еңбекке уақытша қабілетсіздігі бойынша әлеуметтік жәрдемақының мөлшері оның орташа күндік жалақысын еңбекке уақытша қабілетсіздік кезеңіне келетін жұмыс күндерінің санына көбейту арқылы айқындалады.
Егер еңбекке уақытша қабілетсіздік алдыңғы жылы басталып, ағымдағы жылы аяқталса, онда еңбекке уақытша қабілетсіздігі бойынша әлеуметтік жәрдемақының мөлшері және оның мөлшерін айлық шектеу алдыңғы және ағымдағы жылдардағы айлық есептік көрсеткішті қолдана отырып айқындалады және алынған сомалар бөлек жинақталады.
Белігілі бір санаттағы адамдарға еңбекке жарамсыздық парағы бойынша жәрдемақы төлеу
Жұмыс істейтін Ұлы Отан соғысының қатысушылары және оларға теңестірілген адамдарға орташа еңбекақының жүз пайызы мөлшерінде еңбекке жарамсыздықтың бірінші күнінен бастап жәрдемақы төленеді.
Жұмыскердің жұмыста мертігуі немесе кәсіби ауруымен байланысты жәрдемақыны жұмыс беруші еңбекке жарамсыздық орын алған бірінші күннен бастап жұмысқа шыққанға дейін және мүгедектікті анықтағанға дейін төлейді.
Дәрігерлердің қорытындысы бойынша қосымша күтімге мұқтаж үш жасқа дейінгі балаларға күтімді стационарлық емдеуде анасына (әкесіне) немесе басқа адамға немесе үш жасқа дейінгі дәрігердің қорытындысы бойынша қосымша күтімге мұқтаж балаларға тікелей күтім көрсеткен анасына (әкесіне) немесе өзге адамға жәрдемақы жұмыскердің уақытша еңбекке жарамсыздығы орын алғандағыдай тәртіпте беріледі.
Кезекті немесе қосымша демалыста, еңбекақының сақталуынсыз демалыста болатын жұмыскерлерге отбасының уақытша еңбекке жарамсыз мүшелеріне күтім бойынша жәрдемақы берілмейді.
Дипломатиялық қызмет қызметкеріне уақытша еңбекке қабілетсіздігі бойынша жәрдемақы төлеу
Дипломатиялық қызмет қызметкері шетелде болған кезде ауырған жағдайда жәрдемақы алады:
- Ұлттық валютада – аурудың барлық кезеңінде.
- Шетелдік валютада – орташа айлық еңбекақы есебінен шетелдік валютада, бірақ екі айдан артық емес мерзімде.
Егер ауру екі айдан артық уақытқа созылса және науқас денсаулық жағдайы бойынша Қазақстан Республикасына шыға алмаса (тасымалға қабілетсіз болса), онда шетелдік валютадағы жәрдемақы оған Қазақстан Республикасына эвакуация мүмкіндігі туралы дәрігерлердің шешіміне дейін емдеу мекемесінде болу кезеңі бойына беріледі.
*Орташа күндізгі (сағаттық) еңбекақы бескұндік немесе алты күндік аптадағы жұмыс уақыты теңгерімін негізге ала отырып, жұмыс күндері (сағат) санына есептік кезеңдегі есептелген еңбекақы сомасын бөлу жолымен анықталады.